Орал қалалық қылмыстық істер бойынша соттың судьясы Сұлуғаным Қадыралиева бүгін қалалық ішкі істер департаменті жедел-қылмыстық бөлімінің бұрынғы бастығы Самат Наурызовты "адам қазасына соқтырған жол қозғалысы ережесі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны" үшін айыпты деп танып, сотталушыны бес жылға бас еркіндігінен айыру туралы үкімін жария етті. Наурызов жазасын қоныстану колониясында өтейтін болады.
Сонымен бірге сот көлік апатынан мерт болған әйелдің туыстарының сотталушыдан сегіз миллион теңге (23 мың доллардан аса) өндіртіп беруді сұраған азаматтық талабын қанағаттандырды.
Іс материалдары бойынша, 22 шілде күні 36 жастағы Наурызов Орал қаласының Көктем шағын ауданындағы автобус аялдамасында екі адамды автокөлікпен қағып кеткен. Оқиға салдарынан Ақтөбе облысындағы Шалқар кентінің 42 жастағы тұрғыны Айгүл Сүлейменова сол жерде мерт болған, оның асырап алған қызы Сандуғаш Сүлейменованың денесінің көп жеріне зақым келіп, ауруханаға түскен.
Бұрынғы полиция қызметкері сотта айыбын мойындап, қаза болған адамның туыстарынан кешірім сұрады.
Қаза болған әйелдің туысы Назгүл Оразаева Азаттыққа сот үкіміне қанағаттанатынын айтты. Әуелгіде жәбірленуші тарап азаматтық талабында сотталушыдан 31 миллионнан аса теңге өндіртіп беруді соттан сұраған. Сәрсенбі күні жәбірленуші тарап сотталушының айыбын мойындайтыны туралы прокуратурамен процесуалдық келісім жасасуына қарсылық білдірген.
Адвокат пен сотталушының туыстары комментарий беруден бас тартты.