Түркияда жол апатында зардап шеккен қазақстандық жеті туристі елге жеткізу мәселесі қаралып жатыр деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ).
Қазақстандық жеті турист өткен аптада Анталья қаласына көлікпен кетіп бара жатқанда жол апатына ұшырап, жараланған болатын. Апаттан Түркияның төрт азаматы, оның ішінде қазақстандықтар мінген такси жүргізушісі мен екінші көліктің жолаушылары қаза тапқан.
Министрліктің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов бүгін Қазақстанның Антальядағы консулы зардап шеккен қазақстандықтармен байланысып отырғанын хабарлады.
"Қазір олардың жағдайы бірқалыпты. Зардап шеккен екеуінің жамбас буыны сынып, құйымшақ жүйкесі қысылып қалған. Бір қыздың миы қатты шайқалған. Үшеуі де өз бетімен жүре алмайды" деп жазды Жайнақов Facebook-те.
Апатқа түскен қыздың жергілікті агенттіктерге айтуына қарағанда, қазақстандықтар мінген такси мен тағы бір көлік 21 қыркүйекте Кемер қаласынан Антальяға бара жатқан жолда соқтығысқан.
Жайнақовтың хабарламасында қазақстандық өзара таныс жеті адам Антальяға сақтандыру полисін алмай өз бетімен барғаны, осының салдарынан медициналық қызмет көрсету және хирургиялық операцияларды жасау кезінде қиындық туындағаны айтылады.
"Дипломаттарымыз Түркия жағымен ауыр зардап шеккен қазақстандық бес азаматтың барлығының медициналық шығындарын қаза тапқан жүргізушінің сақтандыру компаниясы мойнына алатындай келісе алды. Қалған екі адамды қайтврып алу мәселесі шешіліп жатыр" деп жазды Жайнақов.
Кеше Астанада үкіметте заңнамаға шетелге шығатын туристерді міндетті сақтандыру жасатуға міндеттейтін заң обасы таныстырылған болатын.