Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қырым татарлары меджлисі төрағасының орынбасары Ильми Умеровке шыққан сот үкімін Ресей билігінің аннексиялап алған Қырым түбегінде адам құқықтары мен еркіндіктеріне қол сұғуы деп атады.
Құқық қорғаушылардың мәлімдемесінде Қырым татарлары белсендісіне қарсы сот пен оған шыққан айыптау үкімі Қырымдағы Ресей билігін сынайтындардың қудаланып жатқанын кезекті рет дәлелдейді. Amnesty International-дің Украинадағы директоры Оксана Покальчук сот үкімін сөз бостандығын тікелей бұзу деп атады.
Қырым татарлары меджлисінің орынбасары Ильми Умеров 27 қыркүйекте сепаратизм айыбымен екі жылға бас бостандығынан айырылған. Сот оған жазасын қоныс колониясында өтеуге үкім кескен. Умеров Ресейді Қырымнан кетуге мәжбүрлеу үшін оған қарсы санкцияны күшейту керегін мәлімдегені үшін "Ресейдің территориялық тұтастығын бұзуға шақырды" деп айыпталған. Сот сонымен қатар Умеровтің қоғамдық істермен айналысуына екі жылға дейін тыйым салды. Умеров өзіне тағылған айыпты мойындамайды және үкімге шағымданбақ.
Amnesty International соңғы 11 айда Ресейдің Қырымды аннексиялап алуына қарсы осымен үшінші айыптау үкімі шыққанын айтады. 11 қыркүйекте меджлис төрағасының орынбасары Ахтем Чийгоз "2014 жылы ақпанда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, сегіз жылға сотталған. 22 қыркүйекте украин журналисі, қырымдық Николай Семенаға сепаратизм айыбы бойынша екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілген.
Ресей Қырым татарларының меджлисін "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.