"Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымы жетекшілері "Абу Бакр әл-Бағдадидің дауысы" деп жаңа аудио жазба жариялады.
46 минутқа созылатын аудио жазбаны 28 қыркүйекте ИМ-мен байланысы бар Al-Furqan ақпараттық сайты таратты. Дауыстың қашан жазылғаны белгісіз.
Аудиода өзін ИМ басшысы Абу Бакр әл-Бағдади деп таныстырған адам Солтүстік Кореяның таяуда Жапония мен АҚШ-қа доқ көрсетіп, шүйліккенін айтады. Ол бұған қоса шілдеде Ирак әскері азат еткен Мосул қаласы сияқты ИМ бекінген қалалар үшін шайқастар туралы да айтады.
Бағдадидің дауысы делінген аудио жазба соңғы рет 2016 жылдың қарашасында жарияланған болатын.
Лондонда орналасқан Syrian Observatory for Human Rights (SOHR) ұйымы шілдеде ИМ-нің өз арасындағы дереккөздерінен Абу Бакр әл-Бағдадидің көзі жойылғанын растағанын хабарлаған еді. Бірақ оның қашан және қалай ажал құшқаны белгісіз.
Ресей әскерилері маусымда Бағдадидің мамырдың соңында Сирияның Ракка қаласында әуе шабуылдарында қаза тапқан болуы мүмкін деп болжап отырғанын, бірақ оны әлі де нақтылауға тырысып жатқанын мәлімдеген болатын. Өткен айда АҚШ әскери қолбасшысы ИМ басшысы әлі тірі болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
2014 жылдың жазында Сирия мен Ирактың біраз бөлігін басып алған ИМ содырлары соңғы айларда екі елдегі біраз территориясынан айырылған.