АҚШ сенаты Джон Хантсманды Ресейдегі елші қызметіне бекітті

Джон Хантсман, АҚШ-тың Ресейдегі жаңа елшісі.

АҚШ сенаты Джон Хантсманды Ресейдегі елші қызметіне кандидатурасын бекітті.

Юта штатының бұрынғы губернаторы республикашыл Джон Хантсман Мәскеудегі елші қызметіне наурыз айында тағайындалған еді. Ақ үй оның кандидатурасын сенаттың мақұлдауына жолдардан бұрын, Мәскеудің шешімін күткен. Кремль Хантсманды, Ақ үй Ресей елшісі Анатолий Антоновты мақұлдады. Бұл мәселе АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің Гамбургте "G20" саммитіндегі кездесуінде шешілген.

Сенаттағы тыңдауда сөйлеген Хантсман Ресейдің Еуропаның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төндіріп тұрғанын мәлімдеді. Бұған қоса ол "АҚШ-тағы президенттік сайлауға Мәскеудің ықпалы болғанын" айтты. Бұл мәселені ол Ресей билігі алдында көтеруге дайын.

Хантсман бұған дейін АҚШ-тың Сингапурдегі және Қытайдағы елшісі болған. 2012 жылы ол президент сайлауына түскен. Хантсман отбасы Ресейде коммерциялық мүддесі бар ірі химиялық кәсіпорындарға иелік етеді.