Каталонияда полициямен қақтығыстан ондаған адам зардап шеккен

Полиция қызметкерлері Каталонияның тәуелсіздігін жақтайтындардың жолын бөгеп тұр. Барселона, 1 қазан 2017 жыл.

Испанияның Каталония аймағында бүгін полициямен қақтығыстар кезінде кемінде 38 адам зардап шекті деп хабарлады жергілікті дәрігерлер.

Барселона қаласының мэрі Ада Колау Каталония тәуелсіздігі туралы референдумге қатысып, пікірін білдіруге ниет танытқан бейбіт тұрғындарға күш қолданды деп Мадридтегі орталық билікті айыптап, Испанияның премьер-министрі Мариано Рахойдың отставкаға кетуін талап етті.

Каталония аймағы билігінің жетекшісі Карлес Пучдемон да Испания үкіметін қатты сынға алды. Оның сөзінше, таяқ пен резеңке оқты пайдаланып референдум өткізуге бөгет жасамақшы болған полицияның әрекеті - "ешқандай ақтауға келмейтін зомбылық" және күллі әлем алдында Испанияның "қорқынышты кейпін" көрсеткен.

Полиция мен Испания үкіметі заңсыз деп таныған референдумды жақтайтындар арасындағы тірес жалғасып жатыр. Жирон, Барселона және тағы бірқатар қалаларда полиция сайлау учаскелеріне жиналған жұртты күш қолданып таратқан. Полиция бюллетеньдер салынған сайлау жәшіктерін тартып алып, кейбір адамдарды ұстаған.

Испания билігінің қарсылығына қарамастан Каталонияда кей жерлерде сайлау учаскелері жұмысын жалғастырып жатыр. Каталония билігі қандай жағдай болмасын, дауыс берудің алдын ала қорытындысын дүйсенбіге қараған түні шығады деп мәлімдеген.

Испания үкіметі полицияның мақсаты - азаматтарға күш қолдану емес, заңсыз деп танылған референдум бюлеттеньдерін тәркілеу екенін айтады.