Иран президенті Хассан Роухани мен Түркия президенті Режеп Ердоған Ирактың Күрдістан автономиялық аймағында тәуелсіздік туралы референдум өткен соң аймақта шекараның мызғымастығын қамтамасыз ететін шаралар жасайтынын мәлімдеді.
"Түркия, Иран және Иракта аймақтағы өздерінің стратегиялық мақсаттарын қорғаудың маңызды және қажетті шараларын жасаудан басқа таңдауы жоқ" деп мәлімдеді Хассан Роухани 4 қазанда Тегеранда Режеп Ердоғанмен өткізген баспасөз мәслихатында. Бірақ ол нақты қандай шаралар қабылданатынын айтпады.
Ирактың Күрдістан автономиясында 25 қыркүйекте тәуелсіздік алу жөнінде референдум өткен. Автономия билігі дауыс беруге қатысқандардың 92 пайыздан астамы "тәуелсіздікті қолдағаны" туралы хабарлаған.
Бағдадтағы орталық билік, АҚШ, Батыс елдері мен БҰҰ референдумды қолдаған жоқ. Күрд диаспорасы тұратын Түркия мен Иран да дауыс беруге ашық қарсы болды. Бірақ күрд жетекшілері референдумды дербес мемлекет құру келіссөзін бастауға мәжбүрлеу үшін пайдаланатындарын мәлімдеді.
Ердоған референдумды "заңсыз" деп атап, "осы кезден бастап батыл шаралар жасайтынын" айтты.
Бағдад Күрдістан басшылығына санкция салатынын, халықаралық деңгейде оқшаулайтынын және қажет болса әскер кіргізетінін ескертіп, референдум нәтижесін жоюды талап етті. Ирак әскерилері таяуда Түркия және Иран қарулы күштерімен бірігіп әскери жаттығу өткізді.