"Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі ішкі саясат басқармасының бастығы пара алған деген күдікпен ұсталды" деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі.
Ұлттық бюро ақпаратында күдіктінің "ақпараттық қызметті мемлекеттік сатып алу туралы келісім бойынша төлем үшін параны" жүргізушіден алып жатқанда ұсталғаны айтылған. "Ақшаны алуға делдал болған бөлім бастығы Н.Р.Шалкееваның кінәсін толық мойындауына байланысты, оны процессуалдық негіз бойынша ұстамаған" деп хабарлайды баспасөз қызметі.
"Пара алған" деген күдікпен ұсталған басқарма басшысы 6 қазанда Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының уақытша оқшаулау изоляторына қамалған.