АҚШ президенті Солтүстік Кореяға тағы да сес көрсетті

АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскери басшылармен кездесуде. Вашингтон, 5 қазан 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында Солтүстік Кореяға тағы да сес көрсетті.

Ақ үй басшысының сөзінше, соңғы ширек ғасырдың ішінде АҚШ-тың түрлі президенттері Солтүстік Кореямен сөйлесіп, келісімдер бекітіп, үлкен сомада ақша бергенімен, соның бәрінен ешнәрсе шықпаған. "Сондықтан, бүгінгі таңда ықпал ететін бір ғана шара бары анық" деген президент нақты нені меңзегенін ашып айтпаған.

Екі күн бұрын президент Трамп Ақ үйде америкалық әскери басшылармен бірге суретке түскен кезде әлденені тұспалдаған тағы бір сөз айтқан болатын. "Осыншама әскерилердің бір жерге жиналуы нені аңғартатынын білесіздер ме? – деп сұраған журналистерден Трамп. – Мүмкін, дауыл алдындағы тыныштық болар. Ерте ме, кеш пе, менің не айтқым келгенін түсінесіздер".

Ақ үйдің баспасөз қызметі президент Трамтың мәлімдемесіне қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

Солтүстік Корея болса, тіпті елдің әуе кеңістігіне кірмеген күннің өзінде де АҚШ әскери ұшақтарын атып түсіретіні туралы мәлімдеген.