Босния және Герцеговина соты бұрынғы дала командирі Оричті ақтады

Насер Орич, Босния мұсылмандары армиясының бұрынғы командирі. Сараево, 9 қазан 2017 жыл.

Босния және Герцеговина соты Сребреницадағы босниялық мұсылмандар армиясының бұрынғы дала командирі, 1990 жылдардағы Босниядағы соғыста қылмыс жасады деп айыпталған Насер Оричті ақтады. Сот сонымен бірге әскери іс-қимылға қатысқан тағы бір адам Сабахудин Мухичті де ақтады. Екеуі де 1992 жылы Сребреница маңындағы қырғынға қатысты іс бойынша тағылған барлық айып бойынша ақталды.

"Айыпталушылар Насер Орич пен Сабахудин Мухич өздеріне тағылған Женева конвенциясының ережелерін бұзу айыптар бойынша ақталды" деп мәлімдеді судья Сабан Максумич. Құрбан болған сербтердің туыстары үкімге қарсылық танытып, сот залынан шығып кетті. Босниялықтардың көпшілігі Оричті 1992-1995 жылдардағы Босниядағы соғыста мұсылмандарды қорғаудағы рөлі үшін батыр санайды. Ол соғыста 100 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Сребреница 1995 жылы босниялық сербтердің шабуылынан соң құлаған. Сербтер сегіз мыңға тарта мұсылман еркегі мен ұлдарын өлтірген.

Гаагадағы бұрынғы Югославия бойынша халықаралық қылмыстық сот Оричті 2006 жылы тұтқынға түскен сербтерді өлтіруді тоқтата алмағаны және оларға адамшылыққа қарсы қарағаны үшін екі жылға сотталған. Бірақ жазасын өтеп қойғандықтан бірден босатылған. 2008 жылы БҰҰ сотының апелляциялық палатасы үкімді жойған. Экс-командирдің босатылуына наразы Белград 2014 жылы Оричті 1992 жылы Сребреница маңында тоғыз серб азаматын өлтірді деген күдікпен іздеу жариялаған. Швейцария 2015 жылы Оричті Сербия берген ордер бойынша тұтқындағанымен, оны Боснияға берген. Бұған Белград наразы болған. Оричтің соты 2016 жылы қаңтарда басталған.