Еуропа Одағының (ЕО) Орта Азия жөніндегі арнайы өкілі Питер Буриан ЕО және Тәжікстан арасындағы адам құқығына қатысты жыл сайынғы диалогтың тоғызыншы раундына қатысады.
Форум Душанбеде 12 қазанда өтеді. Диалог қарсаңында халықаралық Human Rights Watch (HRW) ұйымы ЕО-ны Тәжікстан билігіне оппозицияны қудалауын доғаруына қысым көрсетуге шақырды.
HRW ұйымының Орталық Азиядағы кеңсесінің директоры Стив Свердлов бір жыл бұрын Тәжікстан Жоғарғы соты диалогқа бір апта қалғанда елде тыйым салынған Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясы төрағасының орынбасарлары Саидумар Хусайни мен Махмадали Хаитты өлім жазасына кескенін еске салды. Саяси кеңестің басқа да мүшелері мен партия белсенділері сол кезде ұзақ мерзімге түрмеге қамалған.
Стив Свердлов ЕО-ға жазған үндеуінде тәжік адвокаттары Шухрат Кудратов, Бузургмехр Еров және Нуриддин Махкамовтардың тағдырларына алаңдайтынын білдірді. HRW елде соңғы екі жылда қудалау күшеюіне байланысты азаматтардың елден көптеп көшіп жатқанын мәлімдеді.