Бақшасарайда Қырым татарларын тінтіп, тұтқындады

Қырым татарларын тінтіп жатқан орындағы құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Бақшасарай, Қырым, 11 қазан 2017 жыл.

Ресей аннексиялап алған Қырымның Бақшасарай қаласында Қырым татарларын тінтіп, кейбірін тұтқындады. Бақшасарайдағы операцияға Федералдық қауіпсіздік қызметі (немесе ФСБ), ішкі істер министрлігі мен ішкі әскер тартылған.

Тінту 11 қазан күні таңертең бірден алты жерде басталды. Қырым татарларының белсенділері Сулеймен Асанов, Сервер Зекирьяев, Сейран Салиев, Мемет Белялов, Тимур Ибрагимов пен Эрнест Аметов тұтқындалды. Сулейман Асановты тінтуге ішкі әскер тартылған, интернет байланысы өшірілі, дронмен видеоға түсірді.

Сонымен қатар "Қырым ынтымақтастығы" ұйымының сегіз белсендісі тұтқындалып, полиция бөліміне жеткізілді. Олар Қырым татарларын қолдап, құқық қорғау органдарының іс-қимылын әлеуметтік желілерде көрсетуге тінту жүргізіліп жатқан орынға жиналды.

Полиция жұрттың тінту жүргізіліп жатқан жерге жиналуына тыйым салды. Қырым татарларының үйлеріне адвокаттары барғанымен, оларды кіргізбеді.

Тінту бастала салысымен және ол аяқталғанға дейін БАҚ ФСБ-нің аймақтық басқармасына сілтеме жасап, құқық қорғау органдары Қырымда Ресейде тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" діни ұйымы бөлімінің жолы кесілгенін хабарлап жатты. Ұсталған алты адамға қатысты "террорлық құйым қызметін ұйымдастырғаны" үшін қылмыстық іс қозғалған.

"Бүгін Бақшасарайда негізінен өзінің азаматтық позициясын ашық білдірген Қырым татарларын тінтіп, ұстағанына назар аудартқым келеді. Билік өзгеше ойлайтындар мен наразылардың үнін өшіргісі келеді" деді Қырым татарлары қозғалысы басшыларының бірі Нариман Джелялов.