Прокуратура: Бабановтың сөзінде "ұлтаралық араздықты өршіту белгісі" бар

Өмірбек Бабанов, Қырғызстан президенттігіне кандидат.

Қырғызстан бас прокуратурасы президенттікке кандидат Өмірбек Бабановтың 28 қыркүйекте Ош қаласында жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде "ұлтаралық жаулықты өршіту белгілері бар" деп тапты. Прокуратура бұл туралы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) Бабановтың сөзіне қатысты жүргізген тексеру материалдарын қарап шыққан соң мәлімдеді. Материалдарға саяси-филологиялық сараптама мен видеофонографиялық зерттеу қорытындылары да тіркелген.

Бас прокуратураның хабарлауынша, саяси-филологиялық сараптаманың қорытындысы бойынша Өмірбек Бабановтың Оштың "Амир-Тимур" ықшам ауданы тұрғындары алдында сөйлеген сөзінде "ұлтаралық жаулықты қоздыру белгілері мен азаматтарды билік өкілдеріне мойынсұнбауға шақыру сипаты бар". Бас прокуратура Бабановтың сөздері "жаппай тәртіздіктерге әкеліп соқтырып, жекелеген этникалық топ өкілдерінің ұлтаралық негізде белсенді іс-қимылдар жасауына түрткі болуы мүмкін" екенін айтады.

Бұдан өзге, видеофонографиялық зерттеуде видеода жазылған дауыс Бабановтың даусы екені және оның өңделмегені анықталған. Бас прокуратура "интернетте таралған Бабановтың Ош тұрғындары алдында сөйлеген, арандату сипатындағы сөзі туралы" видеоға қатысты қосымша тексеру жүргізетінін, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылдайтынын айтады.

Бабанов 28 қыркүйекте Ошта "Амир-Тимур" ықшам ауданындағы сайлаушылармен кездескен соң интернетте оның сөздерінен үзінділер жариялана бастаған. Бабанов этникалық өзбектер басым тұрғындар алдында сайлаушыларды дауыс беру кезінде заң бұзушылықтар болса, оларға қарсы тұруға шақырған. Интернетте оның сөйлеген сөздерінен "тізерлеп жүргенше, тік тұрып өлген артық", "егер әлдебір милиционер өзбектерге қолын тигізсе, ол қызметінен босатылады" деген үзінділер жариялана бастаған.

Бабановтың жақтастары кандидат "тізерлеп жүргенше, тік тұрып өлген артық" деген сөзді белгілі бір кандидатқа дауыс беру үшін мәжбүрлегеннен қорықпау керегі туралы айтты дейді.

Бірақ кейбір азаматтар Бабановтың сөзіне наразылық білдірген. Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) Бабановтың сөзіне байланысты 19 арыз-шағым түскен. ОСК оларды қарап, Бабановқа үшінші рет ескерту берген.

Ал Бабановтың сайлау штабы әлеуметтік желілердегі видеоның "өңделгенін" және "жалған" екенін мәлімдеген.