Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы "Ақ тілек" өткізу бекетінде 70 жастағы Қазақстан азаматы қайтыс болған деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің Азаттыққа хабарлауынша, қайтыс болған қарт әйелдің жүрегі сырқат болған. Токмок қаласындағы отбасылық дәрігерлер тобының жетекшісі Айгүл Сыдықованың сөзінше, Қазақстан азаматы Қырғызстанға қайтыс болған адамды жерлеуге бара жатқанда қазаға ұшыраған. Азаттықтың Қырғыз қызметі қайтыс болған адамның аты-жөні Альбина Шагимова деп хабарлады.
- Марқұмның жұбайының айтуынша, ол шекарада бес сағатқа жуық кезекте тұрған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол дерті күрт асқынып, соның салдарынан қайтыс болған. Қан қысымы көтеріліп кеткен болуы да мүмкін, - дейді Айгүл Садықова.
Қайтыс болған әйелді егде ерлі-зайыптылар мініп келген автокөлікке салып алып кеткен.
10 қазаннан бері қазақ-қырғыз шекарасында күрделі ахуал қалыптасып отыр. Шекара бойындағы өткізу бекеттерінде адамдар мен көліктер ұзын-сонар кезекте тұр. Олар шекарадан өте баяу өткізіп жатқанына шағым айтады. Қырғызстан шекара қызметінің хабаралуынша, Қазақстан жағы шекарадан өткізу тәртібін күшейткен.
Қазақстан шекара қызметі "жоспарлы операцияға байланысты" шекарада адамдар мен жүктерді тексеру күшейтілгені туралы хабарлаған. Жамбыл облысындағы "Қордай" шекара бекетінде қазақстандық шекарашылар тосқауыл орнатып, автокөлікті тексеру үшін қарулы сарбаздарды қойған.
Қазақ-қырғыз шекарасында адамдар мен көліктерді өткізу тәртібі күшейтіліп, ұзақ-сонар кезектің пайда болуын кейбіреулер Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың 7 қазанда Қазақстан билігін "қырғыз сайлауына араласқысы келеді" деп сынаған сөзімен байланыстырады.
Оқыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал үкіметтердің салғыласуына ұласты
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай сол күрделі қалпында. Мысалы, "Ақ жол автокөлік жолы" өткізу бекетінде (қазақстандық "Қордай" бекеті) жұма күні кешкісін адамдар мен автокөліктің жиналып тұрғаны байқалған.