Ресейде Олег Сенцовты Лабытнангидегі қатаң тәртіптегі колонияға жөнелткен

Уукраиналық режиссер Олег Сенцов сот залында. Ростов, 25 тамыз 2015 жыл.

Ресейде "терроризм" айыбы бойынша 20 жылға сотталып, жазасын өтеп жатқан украиналық режиссер Олег Сенцов Ямал-Ненец автономиялық аймағындағы Лабытнанги қаласында орналасқан "Ақ аю" ("Белый медведь") деп аталатын қатаң тәртіптегі түзеу колонияға этаппен жөнелтілген. Бұл туралы құқыққорғаушы әрі журналист Зоя Световаға сілтеме жасап "Открытая Россия" қоғамдық ұйымы хабарлады. "Медиазона" сайтына сұхбатында Светова Сенцов жайлы ақпаратты қайдан алғанын айта алмайтынын жеткізген. Темір тор мен бетон бұйымдарын шығаратын "Ақ аю" түзеу колониясында ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар қамауда отыр. Сотталғандар колонияда жағдай ауыр екенін, өздерін қорлап, тамақ бермей, ұрып-соғатыны туралы бірнеше рет шағымданған.

Бұған дейін Сенцов Якутск қаласындағы №1 түзеу колониясында жалғыз кісілік камерада отырған. Тамыздың соңында оны Иркутск қаласындағы тергеу абақтысына, 12 қыркүйекте ол жерден этаппен Челябнискіге жөнелткені мәлім болды.

2015 жылы Ресей соты Қырым түбегінде "террорлық іс-әрекет жасады" деген айып бойынша Украина азаматтары Олег Сенцовты 20 жылға, Александр Кольченконы - 10 жылға бас бостандықтарынан айырған. Сотталған екеуі өздеріне тағылған айыптарды Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі қолдан құрастырғанын мәлімдеп, кінәсіз екенін мәлімдеген. Осы іс бойынша айыпталған тағы екі адам тергеумен келісім жасасқаннан кейін жеті жылға сотталған.

Жетекші құқыққорғаушы ұйымдар Сенцов пен Кольченконы саяси тұтқындар деп жариялаған. Ресей оларды Украинаға беруден бас тартқан.