"Узбекистон хаво йуллари" ұлттық әуе компаниясы ресейлік олигарх Алишер Усмановқа тиесілі Airbus 340 M-IABU ұшағын Өзбекстан президенті алыс сапарға ресми түрде жалға алып отыратынын мәлімдеді.
Бұл мәлімдеме БАҚ-та Шавкат Мирзияев Сочиде өткен ТМД саммитіне және Нью-Йоркте болған БҰҰ Бас ассамблеясының 72-саммитіне Усмановтың ұшағымен барды деген ақпарат жарияланғаннан кейін жасалды.
"Өзбекстан үкіметіне "Узбекистон хаво йуллари" ұлттық компаниясы президенттің ресми сапары үшін жалға алуға бірнеше ұшақты іріктеуден өткізсін деген тапсырма берілген. Қауіпсіздік тұрғысынан Airbus 340 M-IABU ұшағы таңдап алынды" деп мәлімдейді "Узбекистон хаво йуллари".
FlightRadar24 сервисінің мәліметіне қарағанда, соңғы бір жылда Алишер Усмановтың ұшағы Ташкентке кемінде 12 рет қонған. Ең алғашқы рейс Ислам Каримовті жерлеген күні - 3 қыркүйекте болған. Әрбір сапары екі-үш тәулікке ғана созылған.
Алишер Усмановтың Airbus A340-313 ұшағы әлемдегі ең қымбат ұшақтың бірі саналады. Оның құны - 350 миллион доллар. Бұл ұшақ әкесінің құрметіне "Burkhan" ("Бұрхан") деп аталады.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Алишер Усманов бір-біріне жақын құда болып келеді. Мирзияевтың әйелінің немере сіңлісі Диера Усманова Алишер Усмановтың немере інісіне тұрмысқа шыққан. Алайда Усмановтың немере інісі Бабур 2013 жылы Ташкентте жол апатынан қаза тапқан.