Қазақстанның ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуалды саясиландырмауға шақырды. "Меніңше, кез-келген ел өзінің экономикалық және басқа да мүдделерін қорғау керек болса ішкі шаралар қабылдайды. Менің пікірімше, әлденені саясиландырып, бір нәрсе айтып қалудың қажеті жоқ. Тек біздің және қырғыздардың барлық мүдделі ведомстволарында жедел жұмысты жалғастырып, мәселені шешуге тырысу керек" деді Сүлейменов үкімет жиынының арасында.
Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, Қазақстанды Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) ұстанымдарын бұзды деп айыптауға негіз жоқ. "Біз өзіміздің заңдарымызға сай, ЕАЭО-да алған міндеттемеміз аясында іс-қимыл жасаймыз. Кез-келген тараптың келіссөз жүргізу үшін Жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесіне жүгінуге хақы бар. Бірден айтайын, үкіметаралық кеңес туралы, комиссия кеңесі туралы шешім ымырамен ғана шешілетінін айтайын. Яғни, егер тараптардың бірі ұсынылған шешіммен келіспесе, ол қабылданбайды. Мұны есте ұстау керек" деді министр.
Қырғызстан экономика министрлігі 16 қазанда қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекетінде тексеру күшейтілгеніне байланысты ЕАЭО-ға жүгінгенін мәлімдеген.
"Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасында тексеруді күшейтуі ЕАЭО жөніндегі негізгі келіссөздің ұстанымдарына сәйкес келмейді. Бұл Еуразиялық экономикалық интеграцияның болашағына қауіп төндіреді" делінген Қырғызстанның экономика министрлігі таратқан мәлімдемеде. Онда сонымен бірге Қазақстанның шекарада тауардың еркін өтуіне шектеу қойып жатқаны айтылған.