Ақтөбе мен қала маңында кісі жерлеу құны бекітілді

Ақтөбе маңындағы зираттардың бірі. 18 қазан 2017 жыл.

Ақтөбеде қала тұрғындарын жерлеу құны 80 мың, қала маңындағы ауылдардың тұрғындарын жерлеу құны 30 мың теңге болып бекітілді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Бұл туралы бүгін қала әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров айтты.

Ақтөбе қаласы мен оның айналасындағы селолық округтер территориясындағы 50 зират биыл маусым айында "Салттық қызметтердің бірыңғай орталығы" деп аталатын серіктестікке бес жылға сенімгерлікпен басқаруға берілген болатын. Бұл серіктестік алғашында әр адамды жерлеу құны 100 мың теңгеден астам екендігін айтып, жұрттың наразылығын туғызған. Наразы тұрғындар жиыны Қурайлы, Өрлеу ауылдарында өтті. Осыдан соң жергілікті билік тарифті қайта қарап, жаңасын бекіткен. "Салттық қызметтердің бірыңғай орталығында" 60 адам жұмыс істейді. Серіктестік заңгері Асхат Өтешовтің айтуынша, жұмысшылар қала маңындағы үш зиратты қоршай бастаған. Солардың бірі - Ақжар ауылы маңындағы мұсылман зираты маңына серіктестік "Жерлеуге тыйым салынады. Айыппұл 20 айлық есептік көрсеткіш" деп жазып қойған. Ақжардағы зират әлі қоршалып бітпеген. Маңайдан жұмысшылар да, күзетшілер де байқалмады.

Жерлеу құнына кісі жерленетін орынды қазып, көміп беру, зираттардың күтімі, оларды вандализмнен қорғау, мәйіттің аты-жөнін, қайтыс болған күнін, қай жерге жерленгенін электрондық базаға енгізу жұмыстары кіреді.