Канадада "Магнитский заңы" күшіне енді

Сергей Магнитский, Hermitage Capital қорының заңгері.

Канадада "коррупцияға батқан шетелдік шенеуніктердің құрбандары туралы заң" күшіне енді. "Магнитский заңы" деп те аталатын заңды бұған дейін Канада парламентінің қос палатасы мақұлдаған.

Заңда Канада билігі адам құқығын бұзуға және коррупциялық қылмыстарға қатысы бар деп санайтын адамдардың активтерін бұғаттау және олардың елге кіруіне тыйым салу қарастырылған. Канада парламентінде өткен тыңдауда "Магнитский заңы" ең әуелі Ресей, Венесуэла, Иран, Вьетнам және Мьянма шенеуніктеріне қатысты қолданылатыны айтылған.

Ресейдің Оттавадағы елшілігі заңның күшіне енуін "ақылға сыймайды" деп атады. Бұған дейін Мәскеу Канадада "Магнитский заңының" қабылданғанын жауапсыз қалдырмайтынын және санкцияға іліккен канадалықтар тізімін ұлғайтатынын мәлімдеген.

"Магнитский актісі" 2009 жылы Мәскеу абақтысында қаза тапқан Hermitage Capital қорының заңгері Сергей Магнитскийдің құрметіне аталып кеткен. Ол Ресей бюджетінен ірі көлемде қаржы жымқыру айла-шарғысын әшкерелеген. Құжатты 2012 жылдың соңында АҚШ Конгресі қабылдап, кейін кеңейтілген. Заңда Вашингтон адам құқығын бұзуға қатысы бар деп білетін экономикалық санкциялар салу және ресейліктерге виза беруден бас тарту қарастырылған.