Ресей президенті Владимир Путин "Батыс елдерінде ресейлік журналистерге қысым көрсетілуіне" жауап ретінде "айна-қатесіз, дәл сондай шаралар" қабылдауы мүмкін екенін мәлімдеді. 19 қазанда Сочиде өткен "Валдай" пікірталас клубында сөйлеген Путин нақты қандай шаралар қабылдайтынын айтпады.
Бұған дейін Ресей қаржыландыратын Russia Today (RT) телеарнасы мен Sputnik ақпараттық сайтының өкілдері өздерінің АҚШ-тағы бөлімшелерінен америка билігі 1938 жылы қабылданған заң бойынша шетел агенті ретінде тіркелуді талап еткенін мәлімдеген. Аталған заң АҚШ аумағында нацистік үгіт-насихатқа қарсы қабылданған.
АҚШ-тағы ресейлік БАҚ-ты тіркеу талабы биыл қаңтарда америкалық барлау қызметі RT және Sputnik-ті Ресейдің АҚШ-тағы президент сайлауына килігуіне қатысы бар деп айыптаған соң қойылған. АҚШ әділет министрлігі бұған қатысты әлде бір бұйрық болғанын растаған жоқ. Бірақ Ресей ресми өкілдері елдегі кейбір америкалық БАҚ-тың, оның ішінде CNN, "Америка дауысы" және "Азат Еуропа/Азаттық Радиосы" медиакорпорациясының қызметін шектеу жоспары барын бірнеше рет білдірген.
11 қазанда Ресей әділет министрлігінің баспасөз қызметі Федерация кеңесінен түскен заңға Ресейдегі шетелдік БАҚ-тардың қызметін шектеу туралы өзгерістерге қатысты ұсыныстарды қарайтынын мәлімдеген.
Бұдан бұрын "Азат Еуропа/Азаттық Радиосының" Ресейдегі бюросы Радио Свобода мен оның құрамына кіретін "Настоящее время" телеарнасына әділет министрлігінен олардың қызметін шетел агенті ретінде қайта дәрежелеуі мүмкін екені, осыған байланысты бұл БАҚ-тардың қызметі шектелуі ықтималдығы туралы ескерту алған.
RT АҚШ-та кабельді телеарна арқылы хабар таратады, ал Sputnik радиосы Вашингтонда FM толқында тарайды. Ал Ресейде "Америка дауысына" да, Радио Свободаға да мұндай мүмкіндіктің бір де бірі берілмеген.