Пучдемон: Каталонияны Мадридтің тікелей басқаруына келіспейміз

Каталония орталығында өткен жаппай шеруге қатысушылар. Барселона, 12 қазан 2017 жыл.

Каталония үкіметінің басшысы Карлес Пучдемон аймақ халқы Мадридтің Каталонияны тікелей басқаруымен келіспейді деп мәлімдеді. Ол Мадридке жауап әзірлеу үшін аймақ парламентінің арнайы отырысын өткізуге шақырды. Пучдемон Испания орталық үкіметінің іс-әрекеті мен испан премьер-министрі Мариана Рахойдың Каталония үкіметін отставкаға жіберіп, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімін "Каталония халқы мен аймақ институттары егемендігіне Франко диктатурасы дәуірінен бергі кезеңдегі ең ауыр қол сұғу" деп атаған.

"Испания үкіметі мемлекеттік төңкеріске әрекет жасады" деп мәлімдеген Каталония парламентінің басшысы Карме Форкадел өзі мен автономды аймақ парламентінің 135 депутатының өкілеттігін қорғауға әзір екенін мәлімдеген. Форкадел Мадридтің шешімін "Еуропа одағына мүше мемлекеттің ішіндегі авторитарлық төңкеріс" деп атаған.

Сенбі күні Испания премьер-министрі Мариано Рахой үкіметтің шұғыл отырысын өткізгеннен кейін "заңдылықты қалпына келтіру" үшін Конституцияның 155-бабына жүгінетіні туралы шешімін жариялаған. Мадрид Каталонияда жақын алты айдың ішінде кезектен тыс сайлау өткізуге ниетті екені туралы мәлімдеген.

1 қазанда Каталонияда Испаниядан тәуелсіздік алу туралы референдум өткен. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, дауыс беруге қатысқан тұрғындардың басым көпшілігі тәуелсіздікті жақтаған. Испания конституциялық соты референдумды "заңсыз" деп таныған. Соған қарамастан, Каталония үкіметінің басшысы Карлес Пучдемон "аймақтың тәуелсіздігін жариялауға өкілеттігім бар" деп мәлімдеген.

Сенбі күні Мадридте шұғыл отырысын өткізген Испания үкіметінің қабылдаған шараларын енді Испания парламентінің жоғарғы палатасы – сенат бекітуі тиіс. Сенат құрамында Испанияның барлық аймағының өкілдері бар.