Қазақстан ішкі істер министрлігі Украинада ұсталған қазақстандық блогер Жанар Ахметке (Ахметова) халықаралық іздеу жарияланғанын растады.
Азаттықтың жазбаша сауалына жолдаған жауабында министрліктің мемлекеттік тиіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев Жанар Ахметтің бұған дейін Қазақстанда "алаяқтық" айыбымен сотталғанын айтады.
"Ж.Ахметова 2005 жылдың наурызынан 2008 жылдың қазанына дейін азаматтарды алдап, пайыздық үстемемен қайтаратынын айтып, 50 миллион теңгеден астам қаржысын иемденгені анықталған" делінген жауап хатта.
2010 жылы тамызда сот Жанар Ахметтің жазасын өтеуді оның ұлы он төрт жасқа толатын 2021 жылдың 5 қарашасына дейін кейінге қалдырған.
Биыл көктемде Украинаға қашып барған Жанар Ахмет 21 қазанда Киев түбінде ұсталған. Жанар Ахметтің адвокаты Владислав Грищенко Қазақстан оған Қылмыстық кодекстің 177-бабы ("Алаяқтық") бойынша Интерполмен іздеу жариялап, сол бойынша ұсталғанын, бірақ іздеу жарияланғаны туралы құжатты әлі көрсетпегенін айтқан.
Жанар Ахметті Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілгенге дейінгі бұлтартпау шарасын белгілейтін сот отырысы 24 қазанда жалғасады.
Владислав Грищенко Жанар Ахмет Украинаға барған соң бірден өзіне саяси баспана беру туралы өтініш білдіргенін, оның әлі қарауда жатқанын айтады.
Жанар Ахмет оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газетінде мақала жазып тұрған және әлеуметтік желілер арқылы қазақстандық биліктің атына сыни пікірлерді жариялап, тарататын белсенді ретінде танылған.