Қырғыз министрі: Қазақстан жол картасына қол қоюдан бас тартты

Артем Новиков, Қырғызстанның экономика министрі.

Қырғызстанның экономика министрі Артем Новиков Қазақстан екі елдің шекарасын реттеуге арналған жол картасына қол қоюдан "бас тартқанын" мәлімдеді.

Оның сөзінше, қазақ тарабы жол картасына қол қойғанның өзінде шекара ашылмайтынын және еркін қозғалыс болмайтынын мәлімдеген.

"Бүгін жол картасына қол қою рәсімі болмады. Біз енді әрі қарай Еуразия экономикалық одағы аясында жұмыс істеуге тырысамыз. Осыдан кейін қандай да бір шешім қабылданады" деді Новиков Ереванда өткен келіссөзден кейін.

Министр Қазақстанның бұл әрекетін Қырғызстаннан келетін контрабандамен байланыстыратынын, бірақ ол бұл мәселеге қатысты келіспеушілік ЕАЭО елдерінің бәрінде барын айтты.

10 қазаннан бастап екі ел шекарасында тексеру күшейтіліп, Қазақстанға өтетін адамдар мен көліктер кезегі пайда болған.

18 қазанда Астанада өткен келіссөздер барысында екі елдің үкімет жетекшілері келесі күннен бастап жолаушы көліктері мен жүгі бар адамдарды шекарадан өткізуді жеңілдету туралы уағдаласқан.