"Касперский лабораториясы" компаниясы өзінің антивирустық бағдарламасында 2014 жылдың қыркүйегінде америкалық дербес компьютерден алынған хакерлік код пайдаланылғанын мойындады. Бұл жайында компанияның 25 қазанда ішкі тексерудің алдын ала нәтижесі бойынша жариялаған есебінде айтылады. Тексеру америкалық БАҚ компанияны Ресей арнайы қызметімен жұмыс істесті және тыңшылық жасады деп айыптаған соң басталған.
Бірер күн бұрын компанияны құрушы және басшысы Евгений Касперский Associated Press агенттігіне 2014 жылы АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігіне қатысы бар файлдарға "кездейсоқ түрде" ие болғанын мойындаған. Оның сөзінше, өзіне ол файлдардың құпия екені айтылған соң файлдарды жойып жіберген.
Биыл жазда АҚШ билігі үкімет ведомстволарына "Касперский лабораториясы" компаниясының бағдарламалық өнімдерін қолдануға мүлдем тыйым салған. Касперский бұған жауап ретінде компанияның Ресей арнайы қызметіне де, я басқа да үкіметтік құрылымдарға да қатысы жоғын дәлелдейтін барлық мәліметті ұсынуға уәде берген. Компания сонымен қатар 2018 жылдың басында бағдарламаларының негізгі коды мен келешектегі жаңартылатын нұсқаларының кодын тәуелсіз сарапшылардың тексеруіне беруге уәде еткен.