БАҚ: Сирияда 130-дан астам ресейлік қаза тапқан

Сирияның Алеппо қаласында жүрген ресейлік әскерилер. 31 қаңтар 2017 жыл.

Сирияда 2017 жылдың басынан бері 130-дан астам ресейлік қаза тапқан деп хабарлайды Reuters. Дамаскідегі Ресей консулдығы берген адам өлімі туралы анықтамалер негізінде журналистер осындай қорытынды жасаған. Олардың қолына түскен құжат №131 деп көрсетілген. Reuters мәліметінше, ережеге сәйкес, адам өлімі туралы анықтама қағаздың нөмері әр жылдың басында жаңадан басталады.

Қаза тапқандардың арасында жеке әскери компаниялардың қызметкерлері де бар дейді журналистер. Дамаск консулдығындағы дереккөзінің айтуынша, олар Сириядағы ресейлік ресми әскери қызметкерлерінің қазасын тіркеумен айналыспайды. Reuters журналистері өздерінде үш ресейлік азаматтың өлімі туралы анықтамалар барын айтады. Марқұмдардың туыстары мен таныстары олардың Сириядағы соғысқа жалдамалы ретінде қатысқанын растаған. Анықтамада әлгі адамдардың алған күйіктен не жаралану салдарынан қаза болғаны жазылған.

Аты-жөнін атағысы келмеген ресейлік дипломаттың Reuters агенттігіне айтуынша, Сирияда ресейліктердің осыншама көп шамада қазаға ұшырауы әдеттен тыс құбылыс болып отыр. Тіркелген сайлаушы саны бойынша Сирияда бес мыңға жуық Ресей азаматы тұрып жатыр. Консулдық тапсырған өлім туралы анықтама қайтыс болған кісінің сүйегін Отанына жеткізу және марқұмның артында қалған мұраны алу тәртібін жеңілдетеді.

Ресей сыртқы істер министрлігі қайтыс болған ел азаматтары туралы мәліметтерді жария етуге болмайтыны туралы мәлімдеген. Кремльде "Сирияға барған жекелеген азаматтар туралы" ақпарат жоқ деп мәлімдеген Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Ресей қорғаныс министрлігі әзірше "Сирияда қаза тапқан ресейліктер" туралы ақпаратқа қатысты комментарий берген жоқ.

Ресми деректер бойынша, Ресей Сирияда операциясын бастағалы өткен екі жылда қырыққа жуық әскери қаза тапқан.