Шавкат Мирзияев АҚШ президентіне көңіл айтты

Шавкат Мирзияев, Өзбекстан президенті.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев АҚШ президенті Дональд Трампқа Нью-Йоркте болған шабуылдан бейбіт адамдардың құрбан болуына байланысты көңіл айтты.

"Бұл мейірімсіз және қатыгездікпен жасалған қылмысты ақтау мүмкін емес. Біз экстремизм мен терроризмнің кез-келген түрін қатаң айыптаймыз" делінген Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі Мирзияевтің атынан таратқан хабарламасында.

Мирзиеяв Өзбекстанның АҚШ халқына ниеттес екенін айтып, шабуыл құрбандарының туыстары мен жақындарына көңіл айтқан және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеген.

"Болған қайғылы оқиға бұндай адамзатқа қарсы қауіп-қатерлерге халықаралық қауымдастықтың біріге күш қосуы қажет екенін тағы да айғақтап отыр. Өзбекстан бұл террорлық актіні тергеуге барынша көмек көрсетуге дайын" делінген Мирзияевтің мәлімдемесінде.

31 қазан күні Нью-Йорктің Манхэттен ауданында жүк көлігі велосипед жолағында жүрген топ адамды қағып өтіп, сегіз адам қаза тапқан, он адам жараланған.

Полиция жүк көлігінің жүргізушісі - 29 жастағы Өзбекстан азаматы Сайфулло Саиповты шабуылға күдікті ретінде ұстады. Шабуылдан соң АҚШ президенті Дональд Трамп иммигранттарды жаппай қатаң тексеруге бұйрық берді.