Биліктен шеттетілген Каталония басшысы Карлес Пучдемон Бельгия полициясына берілді. Бұл жөнінде Бельгияның VRT қоғамдық телеарнасы хабарлады. Белгия прокуратурасы Испания билігінен Пучдемон мен оның төрт жақтасын ұстауға ордер алған.
Испанияның Жоғарғы соты Каталония басшылығынан шеттетілген Карлес Пучдемон мен төрт экс-министрді ұстауға халықаралық іздеу жариялаған. Оларға қарсы мемлекеттік бүлік шығарып, бюджет қаржысын талан-таражға салды деген айыптар тағылған. Мадрид Бельгия прокуратурасына каталониялық саясаткерлерді ұстауға өтініш берген.
Өткен жұма күні Карлес Пучдемон аймақтық сайлауға өзінің кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеген. Бірақ сайлау кампаниясы шетелден жүретінін ескерткен. Саясаткер Каталония үкіметінің заңды екенін айтады.