Қырғызстан ТЖМ: Шекарадағы кезек азайды

Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасында кезекте тұрған жүк көліктері. 19 қазан 2017 жыл.

Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) 6 қараша күні түске дейін Шу облысының "Ақ-Тілек" тексеру және өткізу бекетінде 30 жүк көлігі тұрғанын, ал "Чалдыбар" бекетінде кезек болмағанын хабарлады. Министрлік сонымен қатар жергілікті уақыт бойынша сағат 11:3-да "Ақ-Жол" бекетінде бес жеңіл көлік пен бір автобус қалғанын айтады. Талас облысындағы "Чон-Капка" бекетінде 76 жүк көлігі мен бірнеше жеңіл көлік кезекте тұр. Азаттықтың Қырғыз редакциясының тілшілері "Ақ-Тілек" бекетінен қазақстандық шекарашылардың күн сайын 100-ге дейін жүк көлігін өткізіп жатқанын хабарлады.

Қазақстан 10 қазаннан бастап шекарада тексеруді күшейтіп, одан өткізу бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болған. 18 қазанда Астанада өткен келіссөзде екі ел үкіметтері 19 қазаннан бастап жолаушылар көліктері мен жүктері бар азаматтарды өткізуді жеңілдетуге уағдаласқан. Бірақ жүк көліктерінің жүргізушілері өздерін шекарадан өткізу жағдайы жақсармағанын айтады.

25 қазанда Ереванда өткен ЕАЭО елдері үкімет басшыларының саммитінде Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев "Қырғызстан мен Қытайдың арасындағы тауар айналымы жөніндегі мәліметтерде "кәдімгідей айырмашылықтар" барын мәлімдеп, шекарадағы тексеруді контрабанданы азайту қажеттілігінен туындады деп түсіндірген. Қырғызстан экономика министрі Артем Новиков бұған жауабында мұндай мәселе "ЕАЭО елдерінің барлығында барын" мәлімдеген.