Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап азық-түлік себетінің құрылымы өзгереді деп хабарлады Астанада өткен брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова. Вице-министрдің сөзінше, 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөру деңгейінің мөлшері 24459 теңгеден 28284 теңгеге (15,6 пайыз) ұлғаяды.
Жақыпова келесі жылы ең төменгі күнкөрісті құрайтын азық-түлік себетінде азық-түлік бұрынғы 60 пайыздан 55 пайызға азайтылып, азық-түлік емес тауарлар 40 пайыздан 45 пайызға көбейтілетінін айтады.
"Ресми статистика бойынша, халықтың тұтыну құрылымы өзгерген. Халықтың азық-түлік емес тауарлар мен қызмет көрсетуге жұмсайтын шығыны 45 пайызды құрағандықтан, азық-түлік себетінің құрылымын өзгертуге шешім қабылданды. Осылайша, себеттің өзгеруінен ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 16 пайызға ұлғайып отыр. 33 жыл еңбек өтілі бар зейнеткерлер 28284 теңге алады" деді Светлана Жақыпова.