Ресей коммунистері Қазан төңкерісінің 100 жылдығын атап өтпек

Мәскеуде қарулы сарбаздар "Коммунизм" сөзі жазылған плакатты көтеріп Никольская көшесімен Кремльге қарай шерулетіп бара жатыр. Қазан, 1917 жыл. Сурет Ресейдің мемлекеттік деректі фильм және сурет мұрағатынан алынды.

Ресей коммунистік партиясының жақтастары 7 қарашада Мәскеудің орталығында Қазан төңкерісіне 100 жыл толғанын атап өтіп, шерулетіп өтпек.

Коммунистік партия шеруге қатысатындарға партияның "Социалистік революция жасасын!", "Советтер елін мақтан тұтамыз!", "Зауыт-фабрика - жұмысшыларға! Жер - шаруаларға! Теңдік - езілген ұлттарға!" деген ұрандарын қолдануға шақырды. Партия ұсынған ұрандар арасында тарифтердің қымбаттауын айыптап, байларға салынатын салықты көтеруге шақыратын ұрандар да бар.

Мәскеу билігі 3 қарашада 5 мың адамға дейін қатысатын шеруге рұқсат берілгенін хабарлаған.

Ресей коммунистік партиясы шеруге өзін қолдайтын біраз ұйым, оның ішінде Совет офицерлерінің одағы, "Ресейдің үміті" әйелдер қозғалысы, Комсамол жастар ұйымы, 80-нен астам елден 120 саяси партия мен халықаралық 20 ұйымның өкілдері қатысатынын хабарлады.

1917 жылы 7 қарашада Владимир Ленин бастаған большевиктер төңкеріс жасап, Ресейде 70 жылдан астам уақытқа созылған коммунистер билігін орнатқан.

Ресей президенті, бұрынғы КГБ офицері болған Владимир Путин 2005 жылы 7 қарашадағы мерекені 4 қарашаға ауыстырып, оны Ұлттық бірлік күні деп өзгерткен.

Владимир Лениннің бальзамдалған мәйіті Кремльде әлі күнге сақтаулы тұр.