Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев "Bank RBK-ні сауықтыру шаралары жасалып жатқанын" хабарлады. Bank RBK клиенттері бұған дейін банк өзінің қаржылық міндеттерін орындамай жатқанына шағымданған. Ақышевтің сөзінше, Ұлттық банк үкіметпен және әлеуетті инвестор "Қазақмыс" корпорациясымен бірге банкті сауықтыру шараларын жасап жатыр.
"Қазір Bank RBK жеткілікті өтімділік деңгейін қамтамасыз етуде қиындықтарға ұшырап отырғаны белгілі. Осыған байланысты банк клиенттерге төлем жасауды өз уақытында шектеді" деді Данияр Ақышев.
Шаралар бойынша банкке инвестор есебінен 160 миллиард теңге (470 миллион доллардан астам) капитал құю және акционерлер мен басқа да банкке қатысты тұлғаларға берілген проблемалы 600 миллиард теңге көлеміндегі портфелді қаржы компаниясына беру қарастырылған. Ақышев таяу уақытта Ұлттық банк басқармасы Bank RBK-ның банк секторының қаржылық әлеуетін күшейту бағдарламасына қатысу бойынша 240 миллиард теңге сұраған өтінішін қарастыратынын айтты.
Ол "банк қаржылық жағдайы жақсаруына қарай алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар төлемдер, орташа және ұсақ салымшылардың депозиттері бойынша төлемдерді жасай бастайтынын" жеткізді.
Қазан айының басында БАҚ-та Bank RBK жеке және корпоративтік клиенттерінің ақшасын алуына ішінара шектеу қойғаны хабарланған. Банк кассасынан және банкоматтан ақша алу операцияларына шектеу салынған. Өткен аптада банк салымшылары - жеке тұлғалар банктің депозиттерінен ақша беруді тоқтатқанына шағымданған.
11 қазанда банк акционерлерінің бірі Владимир Ким басқа акционерлермен, Ұлттық банкпен және Қазақстан үкіметімен келіссөз ұйымдастырып, банкті қосымша капиталдандыру шарттарын сөйлесіп жатқанын хабарлаған. Активінің көлемі жағынан ең ірі он банк қатарына кіретін Bank RBK ол кезде қаржылық жағдайын нығайтудың әлде бір шараларын дайындап жатқанын мәлімдеген.
18 қазанда Ұлттық банк Bank RBK-ге жазбаша ұйғарым түрінде ықпал ету арқылы шектеу шарасын қолданған. Сол күні ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Bank RBK акционерлерімен және негізгі кредиторларымен қызу келіссөз жүргізіліп жатқанын айтқан.
Bank RBK активінің көлемі жөнінен Қазақстандағы алғашқы он коммерциялық банктер санатына кіреді. 1 қазандағы жағдай бойынша, банктің негізгі ационерлері қатарында Фарид Ляхудзяев (10,24 пайыз акция), Дінмұхамед Ыдырысов (8,08 пайыз), Владимир Ким (7,26 пайыз), "Фонд-Инвест" мүліктерін басқару дирекциясы" компаниясы (20,47 пайыз) және бірқатар жеке тұлғалар бар. Банк акционері Владимир Ким KAZ Minerals plc металлургиялық компаниясы иегерлерінің бірі және "Қазақмыс" корпорациясын құрушы саналады. Америкалық Forbes журналы Кимнің байлығын 2,1 миллиард долларға бағалайды.