Ақтөбелік коммунистер сейсенбіде облыс орталығындағы Ленин ескерткішіне гүл қойды. Бұл туралы Азаттыққа жергілікті коммунистердің жетекшісі Жанат Молдашев хабарлады.
- Бүгін Ақтөбедегі Ленин ескерткішіне гүл қою үшін елу шақты адам жиналды. Біз осылайша Ұлы Октябрь революциясының 100 жылдығына арналған іс-шаралар тізбегін қорытындыладық, - дейді Жанат Молдашев.
Коммунистердің Ақтөбедегі жетекшісі партия филиалының құрамында бес мыңнан астам мүше бар екенін айтады. Олардың жас шамасы 39-дан жоғары. Бүгін олар Ақтөбенің шеткері аудандарының бірі - Тұрғындар қалашығындағы ескі аллеяда тұрған өз көсемдерінің ескерткіші маңында совет дәуірінің әндерін шырқады. Олар коммунизм идеясына әлі де адал екендерін айтты.
Оқыңыз: «Октябрь төңкерісінің зұлматы мен шарапаты тең»
Қазан төңкерісіне 100 жыл толғанын бүгін Алматыдағы коммунистер де атап өтті.
1917 жылы 7 қарашада Владимир Ленин бастаған большевиктер төңкеріс жасап, Ресейде 70 жылдан астам уақытқа созылған коммунистер билігін орнатқан.