Саакашвили украин депутаттарын импичмент туралы заң қабылдауға шақырды

Грузияның бұрынғы президенті, "Жаңа күштер қозғалысы" партиясының жетекшісі Михаил Саакашвили Жоғарғы Рада алдындағы митингіде сөйлеп тұр. 7 қараша 2017 жыл.

Киевте 7 қараша күні кешке Жоғарғы Радада "Үлкен саяси реформаны қолдайтын бүкілукраиналық жиын" акциясына қатысушылардың митингісі аяқталды. Митингке 500-ге тарта демонстрант қатысты. Жиналғандар алдында сөйлеген Грузияның экс-президенті, "Жаңа күштер қозғалысы" партиясының жетекшісі Михаил Саакашвили наразылық танытушылар украиналық депутаттарға "Украина президентіне импичмент жариялау туралы" заңын қабылдау жөнінде жаңа талап қоятынын мәлімдеді. Тиісті заң жобасын 31 қазанда Жоғарғы Радада фракцияға кірмейтін депутат Юрий Деревянко тіркеген.

Михаил Саакашвили мен оның жақтастары Рада маңындағы Конституция алаңында ұйымдастырған наразылық акциясы 17 қазанда басталған. Акцияға қатысушылар парламент жанына шатыр тіккен. Митингіге шыққандар қойған талаптар арасында депутаттардың қол сұғылмаушылық құқығын жою, коррупцияға қарсы сот құру, сот жүйесін өзгерту бар. Депутаттар 19 қазанда Украинаның Конституциялық сотына депутаттардың қол сұғылмаушылық құқығын жою туралы екі заң жобасын жолдады. Ал 7 қарашада депутаттар сайлау кодексін алғашқы оқылымда қолдады. Депутаттардың бұл шешімдерін Саакашвилидің жақтастары наразылық танытушылардың "алғашқы жеңісі" деп атады.

"Жаңа күштер қозғалысының" жетекшісі 12 қараша, жексенбі күні Киевтің орталығында коррупцияға қарсы сот құруды және "Украина президентіне импичмент жариялау туралы" заңның қабылдануын қолдап марш өткізуді ұсынды. "Егер парламент бізді тыңдамаса, онда 3 желтоқсаннан бастап халықтық импичмент процесін бастауды ұсынамын" деді митингіде Саакашвили. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, Жоғарғы Рада іргесіне тігілген шатырлар демонстранттар барлық талабы орындалғанға дейін тұрады.

7 қарашада бил жазда украина азаматтығынан айырылған Михаил Саакашвили Украинаның мемлекеттік миграциялық қызметінен өзінің Украина территориясында 1 желтоқсанға дейін жүріп-тұруы заңды екенін растайтын құжат алғаны белгілі болды.

Грузия Саакашвилиге қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғап, Украинадан оны қайтаруды талап етіп отыр. Саакашвили өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп біледі.