ЕАЭО тауарларын ішкі нарықта тасымалдау ережелері анықталды

Жүк көліктері (Көрнекі сурет).

Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) тауарларын үшінші ел аумағынан тасымалдау және экспорттаудың ережелері анықталды деп хабарлады Еуразия экономикалық комиссиясы (ЕЭК).

"ЕЭК алқасы ЕАЭО тауарларын одақтың бір елінен екінші еліне үшінші ел территориясы арқылы жеткізудің ережелерін анықтады. Атап айтқанда, декларанттың өз тауары одақтың кедендік территориясының бір бөлігінен екінші бір бөлігіне үшінші ел арқылы тасымалдай алатынын растайтын және теңізбен тасымалдаудағы құжаттар тізімі бекітілді" делінген ЕЭК өз сайтында жариялаған хабарламада.

Тауарлар ЕАЭО елдеріне тиесілі екенін растау үшін тауар жіберуші немесе декларанттың расталған "Еуразия экономикалық одағының тауары" деген жазбасы енгізілген көлік немесе тасымал және коммерциялық құжаттарды пайдалануға болады. Ереже бойынша, тауардың ЕАЭО елдерінен шыққанын транспорт экспедициясы келісімі жасалғанын куәландыратын құжат та растай алады.

"ЕАЭО тауарларын еркін экономикалық аймақтан (ЕЭА) одаққа кірмейтін елдердің территориясы арқылы одақтың басқа еліне алып өткенде кеден органына тауардың ішкі нарыққа арнап шығарылғаны немесе қайта импорттау процедурасына жіберілгені туралы декларация көрсету керек" делінген ЕЭК хабарламасында.

Комиссия бұдан өзге тауардың ЕАЭО елдеріне тиесілі екенін растайтын құжат ретінде тауардың еркін экономикалық аймақ территориясына кедендік транзит процедурасына сай кіргізілгенін дәлелдейтін транзиттік декларацияны пайдалануға болатынын айтады.