Қазақстан, Түркіменстан және Өзбектан шекара туралы келісім жасасты

Қазақстанның Түркіменстанмен және Өзбекстанмен шекарасы белгіленген карта.

Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері үш мемлекет шекарасының түйісетін ауданы туралы келісімге қол қойды. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, келісімге Самарқанда БҰҰ бастамасымен өтіп жатқан "Орталық Азия: ортақ өткен шақ пен ортақ келешек, орнықты даму мен өзара көркею жолындағы ынтымақтастық" деп аталатын конференция аясында қол қойылған.

Келісім Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны халықаралық құқықтық тұрғыдан реттеудің бір кезеңін аяқтап, үш елдің өзара құрметін, теңдігі мен территориялық тұтастығын нығайтады делінеді.

Қазақстанның Түркіменстанмен қазақстан-түркіменстан мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы келісіміне 2017 жылы 18 сәуірде, Қазақстан мен Өзбекстан арасында қазақстан-өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы келісімге 2001 жылы 16 қарашада қол қойылған.