Орталық Азияның бес елі ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды

Орталық Азиядағы бес елдің сыртқы істер министрлері мен Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Федерика Могерини (ортада) "ЕО - Орталық Азия" сыртқы істер министрлері конференциясы кезінде. Самарқан, Өзбекстан, 10 қараша 2017 жыл.

Орталық Азиядағы бес ел – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан 2018-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, 10 қарашада Өзбекстанның Самарқан қаласында өткен "Еуропа Одағы - Орталық Азия" сыртқы істер министрлері конференциясы кезінде қол қойылған құжатта аймақтағы қауіпсіздікті нығайту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру, мәдени байланыстарды, инвестиция, көлік, энергетика және туризмді дамытуға бірлесіп күш салу туралы айтылған.

Министрлер халықаралық өзекті мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасауға, сонымен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тәрізді халықаралық және аймақтық ұйымдар аясында серіктестікті жалғастыруға келіскен.