Иран Бахрейннің негізгі мұнай құбырында болған жарылысқа қатысы жоғын мәлімдеп, оған байланысты өзіне айтылған айыптауларды "негізсіз әрі арзан" деп атады.
Бахрейн билігі "мұндай мағынасыз және жалған мәлімдемелер мен баланың ойыны іспеттес айыптаулардың дәурені аяқталғанын білуі керек" делінген Иран сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Бахрам Гасемидің жексенбіде таратқан мәлімдемесінде.
Бұған дейін Бахрейн сыртқы істер министрі шейх Рашид бин Абдулла әл-Халифа қарашаның 10-ына қараған түні Бури ауылы маңында мұнай құбырында болған жарылысты "қауіпті тероррлық шабуыл" деп атаған.
"Соңғы күндері еліміз куә болған терактілерді Ираннан берілген нұсқау бойынша, сол елмен тікелей байланысты жасалған", - деп мәлімдеген ол.
Мұнай құбырындағы жарылысқа жауапкершілікті әлі ешкім алған жоқ.
Тұрғындарының басым көпшілігі шиит мұсылмандарынан құралған Бахрейн корольдігін сүннит мұсылман әулет басқарып отыр. Кез-келген өзге пікірдегі адамды қуғын-сүргінге салатын мемлекетте жергілікті қарулы шиит топтарының шабуылы болып тұрады. Үкімет шииттерді биліктің кемсітетіні туралы ақпаратты теріске шығарып, елдегі жағдайды ушықтырып отыр деп көрші Иранды айыптайды. Тегеран ол айыптауды мойындамайды.