Ұйым: Киіктің Үстірт популяциясына жойылып кету қаупі бар

Киік.

Үстірт популяциясындағы киік саны 1980-жылдардың соңымен салыстырғанда 99 пайызға азайып кеткен. Бұл туралы 15 қараша күні Ақтөбе облысының әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында "Экомұражай" қоғамдық бірлестігінің өкілі Айтбай Мұзбай айтты.

Айтбай Мұзбайдың сөзіне қарағанда, 2016-2017 жылдары жүргізілген санақта Үстіртте 1900-2700 бас қана киік қалғаны анықталған.

- Кезінде Үстірт популяциясында жарты миллионға жуық киік болған. Бұл популяцияға қазір жойылып кету қаупі төніп тұр. Сондықтан "Қолдау-Қазақстан" көпсалалы коммерциялық емес холдингі (КСКЕХ), Германияның табиғат пен биоалуантүрлілікті қорғау кеңесі (NABU) және "Экомұражай" қоғамдық бірлестігі киіктің Үстірт популяциясын сақтау үшін отарлы мал шаруашылығын қолға алуды көздеп отыр. Жобаға Ақтөбе облысындағы Байғанин, Шалқар аудандарының малшылары тартылады, - дейді Айтбай Мұзбай.

"Қолдау-Қазақстан" коммерциялық емес холдингінің биоалауантүрлілікті сақтау бойынша сарапшысы Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, қазіргі күні Қазақстанда қолданылатын табиғатты қорғау механизмдері нәтиже бермей отыр. Сондықтан мамандар жергілікті малшылардың көмегіне жүгінбек.