Қазақстан арнайы қызметі қазақстандық көп балалы отбасының Сирияға кетуінің шынайы себептерін анықтайды деп хабарлады бас прокурордың орынбасары Андрей Лукинге сілтеме жасаған Tengrinews.kz ақпараттық сайты.
"Қазақстандағы қылмысқа қарсы іс-қимыл және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері" деп аталатын халықаралық конференция арасында сөйлеген Андрей Лукин арнайы қызмет төрт балалы отбасының Сириядағы соғыс аймағына кетуіне не түрткі болғанын анықтайтынын айтты.
14 қарашада сыртқы істер министрлігі Шешенстан астанасы Грозныйға Сирияның соғыс жүріп жатқан аймағынан бір топ адаммен бірге бес қазақстандықтың жеткізілгенін хабарлаған. Министрліктің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақовтың айтуынша, Орал қаласының тұрғыны - 1988 жылы туған әйел мен оның төрт баласы басқа бір топ ресейлікпен бірге 13 қараша күні кешке Грозныйға арнайы рейспен жеткізілген. Жайнақов таяуда олардың Қазақстанға жеткізілетінін айтқан.