"Зимбабвенің бұрынғы вице-президенті, өткен аптада президент Роберт Мугабенің пәрменімен биліктен кетірілген Эммерсон Мнангагва еліне оралды" деп хабарлады 17 қарашада France Press агенттігі. Мнангагва Зимбабвеге әскерилер осы аптада елді 37 жыл басқарған Мугабені үйқамаққа алып, елдегі жағдайды бақылауға алған соң оралып отыр. Әскерилердің елдегі жағдайды бақылауға алуына Мугабенің ықтимал мұрагерлерінің бірі саналған вице-президенттің биліктен кетірілуі де себеп.
Харареден жеткен ақпараттар бойынша, Мугабе қызметінен кетуден бас тартып отыр. Ол 15 қарашадан бері әскерилермен келіссөз жүргізіп жатыр. Кеше 93 жастағы Мугабенің армия бас штабы басшысымен бірге отырған суреті жарияланған.
17 қарашада әскерилер Мугабе айналасындағы бірнеше адамның тұтқындалғанын мәлімдеді. Дегенмен, армия елде төңкеріс жасағанын жоққа шығарып, Мугабенің биліктен шеттетілгенін айтпай отыр.
Оқыңыз: Зимбабведе - төңкеріс, Мугабе - "қамауда"
АҚШ Мемлекеттік департаментінің жоғары шенді өкілі Дональд Ямамото Вашингтон Зимбабведегі қазіргі жағдай "елде жаңа кезеңнің басы болатынынан" үміттенетінін мәлімдеді. Батыс елдері бұған дейін Мугабені адам құқықтарын бұзды және саяси қарсыластарын қудалады деп бірнеше рет айыптаған.