Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 22 қарашада мемлекеттік наградаларды тапсыру салтанатында Бішкектің "Манас" әуежайындағы америкалық транзиттік жүк тасымалы орталығын жабатынына ешкім сенбегенін мәлімдеді. Атамбаевтің сөзінше, ол америкалық орталықты жабу шешімін "Қырғызстан көрші екі державаны қатты өкпелетіп қойғандықтан" қабылдаған.
- Ешкім, оның ішінде америкалықтар да сенген емес. Бірақ мен осындай шешім қабылдадым, себебі олар бұл жерде базасын орналастырып, Ақ үйді басқаратынын түсіндім. Бәлкім, олар бізге әлдеқайда көп көмек берер ме еді, бірақ біз екі ұлы көршіміз - Ресей мен Қытайды өкпелетіп алдық. Бізде "алыстағы туыстан, жақындағы көрші артық" деген сөз бар. "Сэм ағай" бізге туыс емес, мүмкін көмегін беретін де шығар. Бірақ бірінші кезекте көршілермен дос болу керек. Кейде керісінше болып жатады. Мен қарым-қатынасты бұзуға мәжбүр болдым, - деді Атамбаев.
2001 жылы Бішкектің "Манас" әуежайы территориясында АҚШ-тың әскери базасы ашылған. 2009 жылы база транзиттік жүк тасымалы орталығына айналған. Орталыққа қатысты екі жақты келісім күші 2014 жылы аяқталған соң Қырғызстан оны ұзартудан бас тартқан.