Өзбекстан ДСҰ-ға кіру процесін қайта бастамақ

Шавкат Мирзияев, Өзбекстан президенті.

Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру жұмыстарын қайта бастайды. Бұл туралы Сеулде өткен бизнес-форумда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мәлімдеді.

"Біз ДСҰ-ға кіру жұмыстарын қайта жалғастырамыз" деген Мирзияев Өзбекстан мен Оңтүстік Корея ДСҰ-ға қосылу мәселелерінде ынтымақтастық орнатудың бірлескен "жол картасын" іске асыруды жоспарап отырғанын айтты.

"Оңтүстік Корея - Өзбекстан мұндай жол картасына қол қойып отырған алғашқы мемлекет. Бұдан өзге, корейлік әріптестерімізбен бірге өзара сауда көлемін ұлғайтуға қажетті жағдайды жақсарту мүмкіндіктерін пысықтап жатырмыз" деді Мирзияев.

Бұған дейін сапар аясында екі ел үкіметтері арасында Оңтүстік Кореяның Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне көмектесу жөніндегі "Жол картасы" мен меморандумға қол қойылған болатын. Оңтүстік Корея Өзбекстанның ДСҰ-ға кіруінің салдарын бағалап, Өзбекстан заңдарының ДСҰ келісімдеріне сәйкестігіне сараптама жасауға көмектеспек.