Навальный штабына 10 млн рубль айыппұл салынған

Омск қаласында жиында сөйлеп тұрған Алексей Навальный.

Алексей Навальныйдың сайлауалды кампаниясы басталғалы бері оның штабтарында істейтін қызметкерлерге салынған айыппұл көлемі 10 миллион рубльден асты. Бұл туралы Навальныйдың федералдық штабының жетекшісі Леонид Волков Twitter парақшасында хабарлайды.

11 айдың ішінде оппозициялық саясаткер құрған сайлауалды кампаниясының қызметкерлері барлығы 2017 тәулік абақтыда отырып, екі жарым мың сағат қоғамдық жұмысқа міндеттелген. Волков бұл статистикаға еріктілер мен Навальный жақтастары кірмегенін, тек штаб қызметкерлері есепке алынғанын жазды. Твит-хабарламада сотталған штаб қызметкерлерінің нақты саны көрсетілмеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Навальный кім?

Алексей Навальный 2018 жылы Ресейдедегі президент сайлауына қатысуға ниет білдірген. Сайлауалды кампаниясын 2016 жылдың желтоқсанында бастаған Навальныйдың елдегі ондаған аймақта штабтары бар. Оппозициялық саясаткерді қолдап, сайтына 600 мың адам тіркелген. Навальныйдың жақтастары, штабтарының қызметкерлері мен еріктілері Ресей билігінің қудалауына ұшырап, қысым көріп келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Азаттықтың Навальный туралы мақалалары