Халықаралық кәсіподақтар ұйымы конфедерациясы (ITUC) Қазақстан билігін сотталған Oil Construction Company кәсіподағының жетекшілері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты босатуға және Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының (ҚТКК) басшысы Лариса Харьковаға қарсы қылмыстық істі тоқтатуға шақырды. Ұйым Twitter-дегі парақшасында белсенділерді босату туралы хэштегі бар жазба жазып, белсенділердің суреттерін жариялады. Конфедерацияның бұл бастамасын Адам және кәсіподақ ұйымдарының құқығы комитеті де қолдап отыр.
2017 жылы 7 сәуірде Астана қаласының Алматы аудандық 2-соты Нұрбек Құшақбаевты "заңсыз ереуілді жалғастыруға арандатты" деген айыппен екі жарым жылға, Әмин Елеусіновті - "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқырды" және "полицейлерге тіл тигізді, бағынбады және оларға күш қолданды" деген айыптармен екі жылға соттаған.
ВИДЕО: Нұрбек Құшақбаевты 2,5 жылға соттады (07.04.2017)
Your browser doesn’t support HTML5
Шымкенттің Еңбекші аудандық соты 25 шілдеде билік шешімімен жабылған ҚТКК-нің бұрынғы жетекшісі Лариса Харькованы "бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін алаяқтықпен әрі аса ірі көлемде жымқырған" деп айыптап, бас бостандығын төрт жылға шектеу және мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарған.
Сотталушылар үкіммен келіспейді. Құқық қорғаушылар бұл істерден саяси астар көреді.