Сәтпаев қаласында "Қазақмыс" корпорациясының Оңтүстік-Жезқазған кеніші жұмысшылары корпорация басшылығымен арада туындаған "еңбек дауына" байланысты келіссөз жүргізіп жатыр" деп хабарлады Қарағанды облысының әкімдігі.
Ресми мәлімет бойынша, қазір кеніште облыс әкімдігі, Сәтпаев қаласы мен "Қазақмыс" корпорациясының басшылығы жұмысшылармен келіссөз өткізіп жатыр.
Бүгін бұдан ертерек Азаттық дереккөзі мен жергілікті белсенділер Сәтпаев қаласында аталған кеніштің 300-ге тарта жұмысшысы 29 қараша күні түнде түскен ауысымнан соң шахтадан шығудан бас тартқанын хабарлаған.
Жұмысшылар 30 қарашаның таңында корпорация басшылығына бірнеше талап қойып, шахтадан шықпай қойған. Жұмысшылар "Қазақмыс" басшылығынан жалақыны өсіруді, зейнетақыларын қайта есептеуді, емдеу және сауықтыру мекемелерінде тегін емдеуді, жұмыстарын тексеретін мобильді топты жоюды, өтемақы төлеуді және корпорация басшысы Эдуард Огаймен кездестіруді талап еткен.