Германияда жәрмеңкеден жарылғыш зат табылған

Мерекелік жәрмеңкеде жүрген полиция патрулі. Берлин, 22 желтоқсан 2016 жыл.

Германия полициясы Берлин маңындағы Потсдам қаласында рождество мерекесіне арналған жәрмеңке өтіп жатқан жерден табылған шегелер мен кабель салынған түйіншек жарылғыш зат болуы мүмкін деп санайды.

Жергілікті билік өкілдері табылған затты тексеріп жатқаны туралы мәлімдеген. Кейін Потсдам полициясы Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында "қолдан жасалған жарылғыш затқа қатысты күдік расталды" деп хабарлады.

Полиция жәрмеңкеден адамдарды эвакуациялаған. Оқиға барысында ешкім зардап шекпеген.

Желтоқсан айында Германияда мерекелік жәрмеңкелер өтетін базарлар ерекше бақылауға алынған. Өткен жылы дәл осындай жәрмеңке кезінде Тунис азаматы жүк автокөлігімен шабуыл жасаған. Теракт салдарынан 12 адам өліп, 56 кісі жараланған.

Германияда рождество мерекесіне арналған ең үлкен жәрмеңке желтоқсанның 1-і күні Дрезден қаласында ашылды. Жәрмеңкеге екі миллионға жуық адам барады деген болжам айтады.