Қырғызстанға Германиядан медициналық құралмен жабдықталған 15 жедел жәрдем көлігі жеткізілді. Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, арнайы көліктердің жалпы құны 1,18 миллион еуро. Бұл көліктер Қырғызстан мен Германия арасында 2008 жылдан бері іске асырылып отырған жедел медициналық қызметті нығайту және осы қызметтің ұлттық жүйесін құру жобасы аясында сатып алынған.
Қазіргі уақытта көліктерді кеден орындары рәсімдеп жатыр. Оларды Бішкек пен Оштағы жедел жәрдем станцияларына пайдалануға бермекші.
Қырғызстан мен Германия арасындағы жоба аясындағы алғашқы жедел жәрдем көліктері 2009 жылы сатып алынған. Ол кезде жалпы сомасы 987 мың еуроға тоғыз көлік сатып әкелінген еді.