АҚШ пен Оңтүстік Корея ауқымды әскери жаттығу өткізіп жатыр

Оңтүстік Кореяның әскери базасына жақын ұшып бара жатқан америкалық F-22 әскери ұшағы. 4 желтоқсан 2017 жыл.

АҚШ пен Оңтүстік Корея екі ел ынтымақтастық орнатқан кезден бері Корей түбегіндегі ең ауқымды әскери жаттығуын бастады. Бұл туралы 4 желтоқсанда Associated Press агенттігі мен оңтүстік кореялық Yonhap агенттігі хабарлады.

Vigilant Ace деп аталатын жаттығуға екі ел әскери-әуе күштерінің 230 ұшағы, оның ішінде радиолокаторға аса көрінбейтін америкалық алты F-22 истребителі мен алты F-35A бомбалаушы истребителі және 12 мың әскери қызметкер қатысып жатыр.

Оңтүстік Корея қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бес күнге созылатын жаттығуда одақтастар қарулы күштері Солтүстік Кореяның зымыран және фдролық бағдарламаларымен байланысты нысандардың көшірмелеріне ұқсас нысаналарға соққы беру машығын пысықтайды.

Солтүстік Корея билігі бұған дейін жаттығуды "үлкен көлемдегі әскери арандату" деп атап, Вашингтонды ядролық соғысқа дайындалып жатыр деп айыптаған.

Аймақтағы жағдай 29 қарашада Солтүстік Корея құрлықаралық баллистикалық зымыран сынаған соң қайта шиеленісе түскен. Пхеньян зымыран АҚШ территориясының кез-келген жеріне ядролық оқтұмсық жеткізе алатынын айтады. Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын өз елі ядролық қару жасау жұмысын сәтті аяқтағанын жариялаған.