Каталонияның бұрынғы вице-президентін қамауда қалдырды

Каталония аймағының бұрынғы премьер-министрі Карлес Пучдемон (оң жақта) мен бұрынғы вице-президенті Ориол Жункерас.

Испания Жоғарғы соты Каталония аймағының бұрынғы вице-президенті Ориол Жункерасты қамауда қалдырғанын хабарлады. Сонымен қатар. Каталония министрлер кабинетінің бұрынғы мүшелері Жоаким Форн мен аймақ тәуелсіздігін қолдаған екі партияның жетекшілері Жорди Санчес және Жорди Куишарт та қамауда қалмақ. Сот оларды кепілге босатпады.

Каталония үкіметінің өзге бұрынғы алты мүшесі 100 мың еуро кепіл төлеп, босатылды.

5 желтоқсанда Брюссельде сот Каталонияның бұрынғы премьер-министрі Карлес Пучдемон мен автономия үкіметінің бұрынғы төрт мүшесін Испанияға экстрадициялау мәселесін қарайды. Пучдемонның адвокаты France Press агенттігіне сот түпкілікті шешімді 14 желтоқсанда шығаратынын хабарлады. Бұған дейін Испанияның Ұлттық жоғарғы соты Каталонияның биліктен кетірілген басшысы мен оның төрт серігін тұтқындауға халықаралық ордер берген.

Саясаткерлер "бүлік шығарып, бюджет қаржысын талан-таражға салды" деп айыпталып отыр.

Каталония Испаниядан тәуелсіздік алу туралы референдум өткізген соң Мадрид аймаққа тікелей басқару жүйесін енгізген. Испания билігі аймақ билігі мен парламентін отставкаға жіберіп, автономияда 21 желтоқсанға сайлау белгіледі.