АҚШ Иерусалимді Израиль астанасы деп таниды және өз елшілігін Тель-Авивтен осы қалаға көшіреді. Бұл жайында АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль, Палестина автономиясы, Сауд Арабиясы, Египет және Иордания басшыларымен телефонмен сөйлескен кезінде айтты. Трамп Иерусалимді Израиль астанасы деп танитыны туралы мәлімдемесін бүгін жасайды деп жоспарланған.
Елшілікті көшіру техникалық және ұйымдастыру жұмыстарына байланысты алты айдан ерте басталмайды.
Араб елдерінің басшылары Дональд Трамптың шешімін қатаң сынға алды. Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі бас комиссары Федерика Могерини палестиналықтар мен израильдіктер арасындағы болашақ бейбіт келіссөзге нұқсан келтіретін кез-келген қадамнан тартыну қажетін мәлімдеді. Франция сыртқы істер министрлігі Иерусалим мәртебесі Израиль-Палестина келіссөзі нәтижесінде анықталуы тиіс екенін мәлімдеді.
АҚШ билігінің аты-жөнін атамаған өкілдері Трамп өз шешімі бейбіт келіссөздің алға жылжуына ықпал етеді деп білетінін хабарлады. Олар дегенмен бұл шешім Трамптың ресми мәлімдемесінен кейін ғана шартты болатынын ескертті.
Иерусалимді Израиль астанасы деп танып, АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіру халықаралық келісімге қайшы. Батыс елдерінің көпшілігі Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындамайды. Палестиналықтар мұсылман, христиан және еврейлердің киелі орындары шоғырланған қаланың ескі бөлігі - Шығыс Иерусалимді өздерінің астанасы деп тануды талап етіп отыр.
1995 жылы АҚШ Конгресі Израильдегі америка елшілігін Иерусалимге көшіруді міндеттейтін және Иерусалимді тұтастай Израильдің астанасы деп тануға шақыратын заң қабылдаған. Бірақ АҚШ-тың бұрынғы президенттері Билл Клинтон, кіші Джордж Буш және Барак Обама Конгрестің елдің сыртқы саясатын анықтайтын құқығы жоғын айтып, табандап қарсы шыққандықтан ол заң орындалмаған.